Қоғам дамыған сайын адам мен адам арасындағы қарым-қатынас та күрделене түседі. Әсіресе мектеп қабырғасындағы жасөспірімдер арасында туындайтын түсінбеушіліктер, әлімжеттік пен құқықбұзушылық мәселелері бүгінгі күні қоғам назарынан тыс қалып отырған жоқ. Бұл – тек білім беру жүйесінің ғана емес, тұтас қоғамның тәрбиелік деңгейін айқындайтын маңызды мәселе.

Осындай жағдайда соңғы жылдары білім беру ұйымдарында қолға алынған мектеп медиациясы жүйесі қоғамда жаңа мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін маңызды құралға айналып келеді. Медиация – жанжалды күшейту емес, оны бейбіт жолмен шешудің өркениетті тәсілі. Оның басты ерекшелігі – тараптарды қарсы қою емес, керісінше өзара түсіністікке жеткізу.

Қазақ халқының тарихына үңілсек, бітімгершілік біздің ұлттық болмысымызға жат ұғым емес. Керісінше, бұл – бабаларымыздан қалған өмірлік тәжірибе. Ел арасындағы дауларды әділ сөзбен шешкен билер институты – бүгінгі медиацияның тарихи тамыры іспетті. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, ұсақ кикілжіңді үлкен дауға айналдырмауды насихаттаған халық даналығы осыны аңғартады.

Бүгінде осы дәстүр жаңа мазмұнға ие болып, құқықтық институт ретінде дамып келеді. Қазақстанда «Медиация туралы» заңның 2011 жылы қабылдануы қоғамдағы дау-дамайларды шешудің жаңа кезеңін бастады. Әсіресе білім беру саласында медиацияны енгізу – жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр.

Мектеп медиациясының басты мақсаты – оқушылар арасындағы жанжалдарды сотқа жеткізбей, бейбіт жолмен реттеу. Өйткені жасөспірімдер жасаған кейбір қателіктер көбіне балалықпен, эмоциямен қабылданған әрекеттерден туындайды. Егер мұндай жағдайлар дер кезінде дұрыс бағытта шешілмесе, оның салдары үлкен құқықтық мәселеге ұласуы мүмкін.

Осы тұрғыдан алғанда медиатор – тек құқықтық маман ғана емес, сонымен бірге тәрбиелік миссия атқаратын тұлға. Ол екі тараптың да пікірін тыңдап, олардың ортақ шешімге келуіне ықпал етеді. Ең бастысы – медиатор ешкімді айыптамайды, тек түсіністікке жол ашады.

Медиацияның тағы бір ерекшелігі – оның адамгершілік құндылықтарға негізделуінде. Сотта тараптар көбіне қарсылас ретінде қарастырылса, медиацияда олар серіктес ретінде әрекет етеді. Мұнда басты мақсат – жеңу немесе жеңілу емес, мәселені әділ әрі тиімді шешу.

Соңғы жылдары еліміздің бірқатар өңірлерінде мектептер жанынан арнайы медиация кабинеттері ашылып, нақты нәтижелер көрсетіп келеді. Мұндай орталықтар оқушылар, ұстаздар және ата-аналар арасындағы түсініспеушіліктерді шешуде маңызды рөл атқаруда. Бұл тәжірибе білім беру мекемелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалды жақсартып, тәрбие жұмысының жаңа бағытын қалыптастырып отыр.

Медиация тек дауды шешу құралы ғана емес. Ол – адамдар арасындағы қарым-қатынастың жаңа мәдениеті. Бұл мәдениет бір-бірін тыңдай білуді, өзгенің пікіріне құрметпен қарауды және жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Бүгінгі мектеп – тек білім беретін орын емес, тұлға қалыптастыратын орта. Сондықтан мектеп қабырғасында қалыптасқан түсіністік пен өзара сыйластық болашақ қоғамның рухани келбетін айқындайды.

Қазақтың «Дау мұраты – бітім» деген нақылы бар. Осы бір қарапайым қағида медиацияның да негізгі мәнін айқындайды. Егер қоғам жанжалды өршітпей, оны ақылмен шешудің жолын үйренсе, онда құқықтық мемлекет құрудың да, азаматтық келісімді нығайтудың да берік негізі қаланады.

Мектеп медиациясы – дәл осындай игі мақсаттарға бастайтын маңызды бастамалардың бірі. Жас ұрпақтың санасында бейбіт келісім мен өзара түсіністік мәдениетін қалыптастыру – қоғамның болашақтағы тұрақтылығы мен бірлігінің кепілі. Асанова Лаззат ПРОФЕССИОНАЛЬНЫЙ МЕДИАТОР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *