Қазіргі қоғамда түрлі әлеуметтік, тұрмыстық, еңбек және азаматтық даулардың туындауы – заңды құбылыс. Алайда кез келген дауды тек сот арқылы шешу әрдайым ең тиімді жол бола бермейді. Сондықтан соңғы жылдары құқықтық мәдениетті дамытудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде медиация институтының рөлі артып келеді.
Қазақстанда медиация институты «Медиация туралы» заң негізінде жүзеге асырылады. Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүргізілетін, олардың өзара тиімді шешімге қол жеткізуі үшін медиатордың көмегімен жүзеге асырылатын дауды реттеу рәсімі.
Дауды өршітпей шешудің тиімді жолы
Медиацияның басты мақсаты – тараптардың бірін жеңіп, бірін жеңілту емес, керісінше екі жаққа да қолайлы әрі әділ шешім табу. Яғни бұл рәсім қарсыласу мәдениетін емес, келісім мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Сот процесінде тараптар бір-біріне қарсы тұрып, өз мүддесін дәлелдеуге тырысады. Ал медиацияда тараптар өзара түсіністікке келуге ұмтылады. Мұнда «кінәлі» мен «кінәсіз» деген ұғымнан гөрі, даудың себебін анықтап, оны бейбіт жолмен шешу маңызды.
Бұл тәсіл адамдар арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік береді. Әсіресе көршілер, туыстар, әріптестер немесе бір ортада өмір сүретін азаматтар арасындағы дауларда медиацияның тиімділігі ерекше байқалады.
Уақыт пен қаржыны үнемдейтін рәсім
Медиацияның тағы бір артықшылығы – оның жеделдігі мен қарапайымдылығында. Сотта іс қарау бірнеше айға, кейде одан да ұзақ мерзімге созылуы мүмкін. Сот отырыстары бірнеше мәрте белгіленіп, түрлі процессуалдық рәсімдер жүргізіледі.
Ал медиация барысында дауды шешу мерзімі заң бойынша 30 күнді құрайды. Қажет болған жағдайда бұл мерзім 60 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Яғни медиация тараптарға уақытты да, қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар медиация рәсімі бейресми сипатта өтеді. Тараптар кездесудің орнын, уақытын, тіпті қолданылатын тілін өзара келісіп белгілей алады.
Құпиялылық – басты қағидалардың бірі
Медиацияның маңызды ерекшеліктерінің бірі – құпиялылық қағидаты. Сот процестері әдетте жария түрде өтеді. Ал медиация барысында айтылған ақпарат тараптардың келісімінсіз жария етілмейді.
Медиатор дауды шешу барысында белгілі болған мәліметтерді сыртқа шығаруға құқылы емес. Сонымен қатар медиатордан куәгер ретінде жауап алуға заң бойынша жол берілмейді. Бұл тараптарға ашық сөйлесуге және өз мәселесін еркін талқылауға мүмкіндік береді.
Медиатор – бейтарап тұлға
Медиация рәсімін жүргізетін тұлға – медиатор. Оның негізгі міндеті – тараптарға өзара келісімге келуге көмектесу. Медиатор ешқандай шешім қабылдамайды және тараптардың орнына үкім шығармайды. Ол тек бейтарап бағыт-бағдар беріп, диалог орнатуға жағдай жасайды.
Қазақстан заңнамасына сәйкес медиатор қызметі кәсіби және қоғамдық болып бөлінеді.
Кәсіби медиатор болу үшін азамат жиырма бес жасқа толған, жоғары білімге ие болып, арнайы медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша сертификат алуы тиіс. Сондай-ақ отставкадағы судьялар да кәсіби медиатор бола алады. Кәсіби медиаторлардың қызметі ақылы негізде жүзеге асырылады.
Ал қоғамдық медиатор ретінде қырық жасқа толған азаматтар немесе отставкадағы судьялар қызмет атқара алады. Қоғамдық медиаторлардың қызметі, әдетте, ақысыз негізде жүргізіледі.
Барлық медиаторлар арнайы тізімде тіркелуі тиіс. Мемлекеттік қызметкерлер, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтар, қылмыстық қудалауға ұшыраған немесе өтелмеген соттылығы бар тұлғалар медиатор бола алмайды.
Қоғамдағы құқықтық мәдениеттің көрсеткіші
Медиация – тек құқықтық рәсім ғана емес, ол қоғамдағы келісім мәдениетінің деңгейін көрсететін маңызды құрал. Дауды бейбіт жолмен шешу дәстүрі қазақ қоғамына ежелден тән. Бұрынғы билер институты дауларды әділ сөзбен, мәміле арқылы шешуге негізделген болатын.
Бүгінгі медиация институты сол ұлттық дәстүрдің заманауи құқықтық үлгісі деуге болады.
Қорыта айтқанда, медиация – қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністікті нығайтатын тиімді тетік. Тараптарды қарсы қоюдан гөрі келісімге шақыратын бұл институт азаматтар арасындағы дауларды өршітпей шешуге мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде құқықтық мемлекет пен өркениетті қоғам қалыптастырудың маңызды алғышарттарының бірі болып саналады.


Добавить комментарий